Кәсіподақ белсендісі Елеусінов 2 жылға бас бостандығынан айырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіподақ белсендісі Әмин Елеусінов 2 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сот үкімін Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының судьясы Гүлжаһан Убашева оқыды.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 55 бабы, 2 тармағын қолдана отырып, 2 жылға бас бостандығын айырып, қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленсін. Қоғамдық және кәсіподақ қызметімен айналысуға 5 жыл мерзімге құқығынан айырылсын», - деді ол.
Судьяның айтуынша, жаза өтеу мерзімі 2017 жылдың 20 қаңтарынан басталады. Сонымен қатар Елеусіновтен «Oil Construcion company» мұнай сервистік компаниясының пайдасына 8 млн. теңгеден астам, мемлекет пайдасына 240 мың теңгеден астам материалдық шығын өндіріліп алынады.
«Шығынды өз еркімен қайтару мерзімі 2018 жылдың 17 мамырына дейін белгіленсін. Аталған мерзім аяқталғаннан кейін шығын мәжбүрлі түрде өндіріліп алынатын болады»,- деді Убашева.
Естеріңізге сала кетсек, «Oil Construcion company» мұнай сервистік компаниясының кәсіподақ белсендісі Ә.Елеусіновке 14,6 млн. теңге қаржыны жымқырды, билік өкіліне қарсылық көрсетті, полиия қызметкерін балағаттап, оған жеңіл дене жарақатын салды деп айыпталған болатын.