Кәсіподақтар жұмысшы құқы мен мүддесін қорғайтын тиімді құралға айналуы керек - Т. Дүйсенова
Министрдің айтуынша, «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заң жобасы да дәл осындай мақсаттарды көздейді. Бұл ретте жаңа құжат әлеуметтік әріптестік институтын одан әрі дамытуға, жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауға бағытталады.
«Мұндай мақсатты жүзеге асыру үшін кәсіподақ қозғалыстары қызметінің моделін дұрыс таңдап алу аса қажет. Осыған орай, халықаралық тәжірибелерге сараптамалар жасалды. Тоқтала кететін жайт, әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, кәсіподақ қозғалыстарының моделі елдің даму деңгейіне және әлеуметтік әріптестердің материалдық, материалдық емес игіліктерді бөлуіне тәуелді болып табылады», - дейді Т. Дүйсенова.
Министрдің айтуынша, кәсіптік одақтар күшті әлеуметтік әріптестерге айналуы үшін кәсіподақтарға еңбеккерлер мүддесі үшін өкілдік ету және келіссөздер жүргізу құқықтарын нақты бекіту қажет. Бұдан бөлек, еңбек қатынастарының реттелу деңгейіне қарай әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссияның өкілеттігін нақты ажыратып шектеу және кеңейту керек.