Кәсіпорындар 1970-1980 жылдары жасалған жабдықтарды әлі қолданады - комитет
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңдағы технологиялық жабдықтың негізгі үлесі өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап қолданылып келеді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамада қауіпті өндірістік нысандардың иелерін нормативтік қызмет мерзімін өткерген техникалық құрылғыларды уақытылы жаңартуға міндеттейтін нормалар көзделген. Осы мақсатта біз қадағалаудағы кәсіпорындармен бірлесіп жыл сайын Қауіпті өндірістік объектілерді техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын қалыптастырамыз. Өткен жылы қауіпті өндірістік нысандардың иелерімен 2 585 технологиялық жабдық ауыстырылды», - деп өткен жылдың қорытындысын жариялады комитет басшысы.
Нығмеджан Мақажанов айтуынша, былтыр қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 733 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылған. Бұған қоса, компанияларға 254 млн теңге айыппұл салынған.
Брифингі барысында комитет басшысы өткен жылы ел кәсіпорындарында 28 авария болып, салдарынан 15 адам көз жұмғанын мәлімдеді.