Кәсіпорындардың ішкі бақылау жүйесінде еңбекті қорғау жөніндегі бірлескен комиссия құру ұсынылады - Г. Әбдіқалықова
Заң жобасымен таныстырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, құжат еліміздегі еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталады. Айта кетерлігі қолданыстағы Еңбек кодексінің қабылданғанына 4 жыл мерзім өткен болатын, сондықтан да салалық заңнаманың бірқатар ережелері заманға сай өзгерістерді қажет етеді. Министрдің сөзіне қарағанда, заң жобасымен ұсынылған өзгерістер негізінен Қазақстанның 2020 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасымен сәйкестендіру мақсатында әзірленген. Тоқтала кететін жайт, тұжырымдама бойынша еңбек заңнамасына халықаралық талаптарды енгізу қарастырылған еді.
«Заң жобасы арқылы жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуын ескертетін нормалар қатаңдатылады, олардың қолданысы барысындағы қарама қайшы нормалар жойылады. Бұдан бөлек, еңбек қатынастарына қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру барысындағы сыбайлас жемқорлықты тудыратын факторлар ретінде басы артық әкімшілік кедергілерді алып тастау көзделеді. Әлеуметтік әріптестік саласында тараптардың мүдделерін қорғау, ұжымдық қатынастарды қамтамасыз ету бойынша қолданыстағы формалар мен тәсілдерді жақсарту көзделеді», - дейді министр Г. Әбдіқалықова.
Сонымен қатар, заң жобасында Халықаралық еңбек ұйымының талаптарын ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі саласында кәсіпорындардың ішкі бақылау жүйесінде еңбекті қорғау жөніндегі бірлескен комиссия құру ұсынылады. Оның құрамына басым негізде жұмысшылар мен жұмыс берушілердің өкілдерінің кіруі заң нормаларымен қарастырылады.