Кәсіптік біліктіліктерді тану жүргізілетін кәсіптер тізбесі қалыптастырылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде кәсіптік біліктіліктерді тану жүргізілетін кәсіптер тізбесі қалыптастырылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіптік біліктіліктерді тану жүргізілетін кәсіптер тізбесі қалыптастырылады

«Заң жобалары біліктілікті тану орталықтарын дамытуға серпін береді және қызметкерлерді өмір бойы құзыреттіліктерін жетілдіруге ынталандыратын болады. Сондай-ақ, заң жобасында кәсіптік біліктіліктерді тану жүргізілетін кәсіптер тізбесін қалыптастыру көзделеді», - деді ол Мәжілісте «Кәсіптік біліктілік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстыра келе.

Оның атап өтуінше, тізілімді жүргізуді Еңбек министрлігінің Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында жүзеге асыру жоспарланған: Ал тізілімге енгізу үшін ұсыныстарды мемлекеттік органдар мен салалық кеңестер енгізетін болады.

«Дәрігерлер, қаржы аудиторлары және басқалары сияқты реттелетін мамандықтар бойынша кәсіби қызметті сертификатсыз жүзеге асыру мүмкіндігі шектелетінін атап өткен жөн. Басқа мамандықтар бойынша түлектер мен қызметкерлер жұмыс берушілер тарапынан үлкен сұранысқа ие болу үшін өз біліктіліктерін өз еркімен растай алады», – деді Олжас Ордабаев.

Вице-министрдің айтуынша, заң жобалары қызметкерлер мен жұмыс берушілерді кәсіптік біліктілікті тану жүйесіне енуді ынталандыру бойынша бірқатар іс-шараларды қарастырады. Мысалы, бұл - қызметкерлер үшін түрлі кепілдіктер мен жеңілдіктерді енгізу немесе біліктілікті танудың ваучерлік-модульдік жүйесі.

«Заң жобаларын қабылдау азаматтарды біліктілік деңгейін арттыруға және дағдылар мен құзыреттерді дамытуға ынталандыруға мүмкіндік береді. Жұмыс берушілер қызметкерлердің кәсіби жарамдылығын нақты тәуелсіз бағалауды көре алады, өз ұйымындағы еңбек өнімділігін арттырады және білікті мамандарды ала алады. Ал қызметкерлер мен жұмыс іздеушілер өз дағдыларына сәйкес келетін лауазымдарды тезірек тауып, табысын арттыра алады», – деді ол.