Кәсіптік және техникалық білім алуға жастар арасындағы құштарлық жыл санап артып келеді - Білім министрлігі
АСТАНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кәсіптік лицейлердің жыл сайынғы түлектерінің 81,5 пайызы жұмыспен қамтылады.
Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Серік Ырсалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
С.Ырсалиевтың айтуынша, 9 сыныптан кейін білімдерін мектеп қабырғасында жалғастырғысы келетін жастардың саны жыл санап азайып келеді. Егер 2007 жылы 9 сынып түлектерінің 58 пайызы ғана 11 сыныпты аяқтауды қаласа, 2008 жылы бұл көрсеткіш 55-ке дейін төмендеген. Жалпы соңғы бес жылдың ішінде мектеп түлектерінің саны 24 пайызға азайды.
Бүгінде республиканың 14-24 жас аралығындағы жастардың 17,2 пайызы кәсіптік және техникалық біліммен қамтылған. Ресми өкіл, бұл көрсеткіш Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымына мүше елдердегі 18 пайыздық көрсеткіштен сәл төмен болғанымен, Қазақстан бұл бағытта Корея, Ресей және Жапония сынды дамыған елдерден артта қалып отырғанын айтты.
Аймақтарға байланысты бұл көрсеткіш ел ішінде де өзгеріп отырады. Мәселен, кәсіптік-техникалық біліммен ең көп қамтылған Алматы (28 пайыз), Маңғыстау (26 пайыз) және Астананың (25 пайыз) жастары. Ал ең аз көрсеткіш Алматы облысында (8,7 пайыз), Оңтүстік Қазақстан (11 пайыз) және Ақмола облысында (11,7 пайыз) болып отыр.
Қазақстанда жалпы 866 кәсіптік және техникалық білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оларда 610,4 мың адам оқиды (416 мыңы ақылы негізде). Бұл жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің санымен (633,8 мың) салыстырма көрсеткіш. Мамандарды даярлау экономика салаларының 32 бағыты бойынша жүргізіледі. Сонымен бірге қысқа мерзімді оқыту курстары да бар. Жастар арасында жоғары сұранысқа техникалық және экономикалық мамандықтар ие. Одан кейінгі орындарда - гуманитарлық, медициналық және ауыл шаруашылығы мамандықтары. Жыл сайын кәсіптік лицейлерден түлеп ұшатын 130-150 мың адамның 81,5 пайызы жұмыспен қамтылады.
Естеріңізге сала етейік, өткен жылы Елбасының Қаулысымен 2008-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаны жүзеге асыруға 58,18 миллиард теңге қарастырылды.