Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесіндегі инженер-педагог кадрлардың жалақысын арттыру қажет ? Ж. Түймебаев
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кәсіптік және техникалық білім беру жүйелеріндегі инженер-педагог кадрлардың жалақысын арттыру қажет. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі парламенттік тыңдау барысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев
осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кәсіптік және техникалық білім берудегі инженер-педагог кадрларға еңбек ақы төлеу жүйесін толық өзгерту қажет. Соңғы жылдары бұл салада 350-ден астам мамандар жалақысының аздығына байланысты жұмыстан кеткені белгілі. Сондықтан да, кәсіптік-техникалық оқу орындарындағы инженер-педагогтардың, оқыту шеберлерінің лауазымын қайта қарап, «Ж-7» санатына жатқызуды ұсынамыз. Қолданыстағы тізім бойынша бұл мамандар 9-10-шы санатта, сәйкесінше еңбекақылары да төменгі деңгейде болып табылады. Яғни, білікті оқытушы мамандардың кәсіптік білім орындарында жұмыс істеуіне мүмкіндік қарастырылып, мәртебесін арттыру қажет», деді Ж. Түймебаев.
Сонымен бірге, министр кәсіптік-лицейлердің білім алушыларына мемлекеттік стипендия тағайындау қажеттігін де атап өтті. Министрдің айтуынша, осыған орай, білім беру ұйымдарында білім алушылардың жекелеген санаттарына мемлекеттік стипендиялар төлеу ережесінің қаулысына арнайы өзгерістер енгізілуі тиіс. «Бүгінгі таңда аталған ережеде бұл жүйе қарастырылмай отыр. Ал бұны енгізген жағдайда, кәсіптік лицейлерде білім алушыларды әлеуметтік қолдап, оларды сапалы білім алуға ынталандырамыз. Кәсіптік-лицей оқушылары қазіргі күні ешқандай стипендия алмайды. Тек әлеуметтік деңгейі төмен белгілі бір санаттағы оқушылар ғана азық-түлікпен қамтамасыз етіледі», деді Ж. Түймебаев.