Қаскелеңде көкпар ұйымдастырғандарды полиция іздеп жатыр
«15 мамыр күні Қарасай ауданының Қаскелең қаласында көкпар ойыны ұйымдастырылған. Бұл шара жергілікті әкімдіктің келісімінсіз болған. Көкпаршылардың қаладағы бірнеше көше бойында жүргендері бейнебақылау камерасына жазылған. Аталған факті Қарасай аудандық полициясында тіркелді. Сонымен қатар, 34 жастағы тұрғын полицияға арызданды. Оның көлігін көкпаршылар бүлдіріп кеткен»,- делінген Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, қазір аталған ойынды ұйымдастырғандар мен оған қатысқандарды тәртіп сақшылары іздестіріп жатыр.
«Олардың барлығы заңға сәйкес жауапқа тартылатын болады»,-деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, көкпаршылардың көлікті бүлдірген сәтіндегі видео желіге тараған болатын.