Kaspi bank, Банк Центр Кредит және Альянс банкінің банкроттығы жайындағы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Kaspi bank», «Банк Центр Кредит» және «Альянс банк» секілді екінші деңгейлі банктер интернет желісінде өздерінің банкроттығы туралы хабарды жалған деп жариялады. Бұл туралы банктердің бірлескен мәлімдемесінде айтылған.
«Kaspi bank», «Банк Центр Кредит», «Альянс банк» және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы аталған ақпарат Қазақстанның қаржылық жүйесін тұрақсыз ету мақсатында арандатушылық мазмұнға ие екенін хабарлайды», - делінген банктердің мәлімдемесінде.
Атап айтқанда, соңғы күндері Қазақстан тұрғындары күдікті sms-хабарларды алып жатқан көрінеді. Онда аталған банктердің банкроттығы жақындағаны туралы айтылады. Осы орайда банктер бұл жалған ақпаратты таратушыларды әкімшілік-қылмыстық жауапқа тартқызу үшін құқық қорғау органдарына шағымданды.
Банк Центр Кредит бүгін Бостандық аудандық сотына жалған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін растау туралы талап-арыз бермек. Банк басшылығы қаңқу сөз таратқандарға ресми түрде кешірім сұратуға ниетті.