Кaspi bank су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын беруге 1,5 миллион теңге қаражат бөлді
АЛМАТЫ. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кaspi bank наурыз айында су тасқынынан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысы Жантікей және Көкжыра ауылдарының тұрғындарына 180 жиналмалы кереует апарып берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір баспанасыз қалған тұрғындар Көкжыра ауылындағы мектепте тұрып жатыр. Олар тамақпен, киіммен қамтамасыз етілген. Тарбағатай ауданының әкімдігі хабарлағандай, алайда олар еденде ұйықтауға мәжбүр болып келген еді. Кaspi bank жиналмалы кереует сатып алуға және оны жеткізуге 1,5 миллион теңге бөлді. Қазір қажетті заттар тиелген КамАЗ машиналары Көкжыра ауылына келіп жетті. Оны банктің Өскемен қаласындағы филиалының қызметкерлері мұқтаж тұрғындардың қолдарына табыс етті.
«Су тасқынынан зардап шеккен тарбағатайлықтарға қайырымдылық көмек ретінде мекемелерден, кәсіпорындар мен тұрғындардан түскен қаражат біздің банк арқылы кедергісіз аударылды. Біз ауыл тұрғындарының өтінішімен жиналмалы кереуеттерді жеткізген кезде, жерлестерінің көмегі тиіп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Оған Көкжыра ауылының маңында салынып жатқан ондаған үйлер куә», дейді Кaspi bank-тің Өскемен қаласындағы филиалының директоры Жанат Тұраш. Жалпы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың жаңа үйлерін жаздың аяғына дейін салып бітіру жоспарланып отыр. Өздерінің болашақ үйлерінің құрылысына Жантікей және Көкжыра ауылдарының тұрғындары да атсалысып жатыр.