Kaspi Bank тонаушылар туралы ақпарат бергендерге 5 миллион теңге бермек

«Kaspi Bank 22 тамыз күні Талғар қаласындағы бөлімшеге қарақшылық шабуыл жасауға қатысы бар қылмыскерлерді ұстауға мүмкіндік беретін маңызды ақпаратты ұсынғандарға 5 миллион теңге сыйақы береді. Бұл ақпаратты банктің Қауіпсіздік қызметіне +7 747 388 29 34 телефоны арқылы хабарлауға болады», - деп жазылған хабарламада.
Айта кету керек, кеше Kaspi bank-тің Алматы облысының Талғар қаласында орналасқан бөлімшесіне қарақшылық шабуыл жасалды. Бейнебақылау камерасына түскен кадрда бетіне бетперде киген екі адам ғимараттың төбесінен түседі. Олардың бірі банк қызметкерлерінің қолдарын байлаумен айналысып жатқанда, екіншісі кассадағы ақшаны сөмкеге сала бастайды. Қарақшылардың қанша ақша алып кеткені әзірге белгісіз. Банктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қарақшылық шабуыл кезінде ғимаратта банк клиенттері болмаған. Банк қызметкерлері зардап шеккен жоқ.
«Олар дереу дабыл тетігін басып, тәртіп сақшыларына хабар берді. Қазір оқиға орнында полицейлер жұмыс істеп жатыр. Банктің қауіпсіздік қызметі қылмыскерлерді анықтау үшін барлық ақпаратты беріп, тәртіп сақшыларымен белсенді жұмыс істеуде. Нақты қанша қаржы тоналғаны анықталуда», - делінген Kaspi bankі баспасөз қызметінің таратқан мәлімдемесінде.