14:26, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
«Каспий энергетикалық хабы» жобасының инженерлік инфрақұрылымы құрылысының техникалық -экономикалық негіздемесі сәуір айында аяқталады ? Қ.Көшербаев
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - «Каспий энергетикалық хабы» жобасының инженерлік инфрақұрылымы құрылысының техникалық -экономикалық негіздемесі сәуір айында аяқталады. Бұл туралы бүгін Елбасы қабылдауында болғаннан кейінгі брифингте Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, аталған хабқа (торапқа) бөлінген 1200 гектар жер Ақтау қаласының маңындағы Каспий теңізінің жағалауында орналасқан. Қ.Көшербаев техникалық-экономимкалық негіздемесінің жұмысы аяқталғаннан кейін инфрақұрылымның құрылысы басталатынын жеткізді. Бұған 375 миллион АҚШ доллары жұмсалмақ. Әкімнің сөзіне қарағанда, Каспий маңында офшорлық операцияларды атқару үшін сервистік- технологиялық орталық қажет. Атап айтқанда, Каспий маңындағы мұнай-газ саласындағы компаниялар өздерінің өндірістік базаларын ұйымдастыруға мәжбүр болып отыр. Ал егер «Каспий энергетикалық хабы» жұмыс істейтін болса, тиісті сервистік қызметтерді осы хаб атқаратын болады. Оған бұрғылау, құбырларға, теңіздегі платформаларға қызмет көрсету, қауіпсіздік мәселелері, басқа да технологиялық жұмыстар, сондай-ақ кадрлар дайындау шаралары кіреді.