Каспий халықаралық транзиттік жүк орталығына айналып келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 24-25 қарашада «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ делегациясы Бакудегі «Каспий аймағы: Стратегиялық серіктестік» теміржол бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Санжар Елубаев «Әлемнің төрт тарабын жалғаған Каспий транзиті» баяндамасында «Еуразия құрлығындағы ірі нарықтағы халықаралық сауданы трансұлттық тасымалдаудың ең қолайлы және оңтайлы қазіргі заманғы үлгісімен қамту басым бағыттардың бірінен саналады. Осыған орай Каспий теңізі Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік бағдарларындағы халықаралық көлік дәліздерін байланыстыруда трансқұрлықтық зор маңызға ие», - деді.
Компания вице-президенті Каспий жағалауы инфрақұрылымын және флотын дамыту, Каспий дәлізіндегі барлық бағдарға қатысушылардың серіктестігін институциональдық тұрғыдағы жетілдіру шаралары туралы баяндады. Оның ішінде, Транскаспий көлік бағдарын дамыту жөніндегі Үйлестіру комитеті құрылғалы бері қатысушылар арасындағы өзара технологияларды бекіту, өтпелі тарифтік ставкаларды және бірыңғай баға саясатын келісу, сонымен қатар Nomad Express контейнерлік пойызына қызмет көрсету мен ұйымдастыру жұмыстары атқарылды.
«Бүгінгі таңда біз Қытайдан Түркия, Еуроодақ елдеріне Транскаспий бағдарымен контейнерлік пойыздарды 12-16 тәулікте жеткізудің кешенді қызметін атқара аламыз», - деп хабарлады С. Елубаев.
Ол мемлекетаралық келісім базасының жасақталуына тапсырыс берушілерді қызықтыратын тарифтік жеңілдіктер ұсыну жайына тоқталды.