«Каспий қақтығыс алаңына айналуы мүмкін бе?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 3 мамыр, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Серік Ахметовті қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында Премьер-Ми­нистр еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен экономиканың өсу қарқынын ұстап тұру жөнінде қабылданған шаралар туралы баян­дады. «Өткен жылы елдің ішкі жалпы өнімінің номиналды көлемі жос­парланғаннан 1,4 трлн. тең­геге төмен болды. Сөйтіп, эко­номикалық өсім күтілген 6 пайыздың орнына 5 пайызды құрады. Соның өзінде, біз бұл жаман көрсеткіш емес деп санаймыз. Сонымен қатар, металлургия және тау-кен металлургиясы салаларының негізгі экспорттық өнімдеріне сұраныстың азаюы­ мен әлемдік бағаның тө­мендеуі ішкі жалпы өнімнің өсу қарқынының төмендеуінен және республикалық бюджеттің түсімдерінен де бай­қал­ды. Осы нәтижелерді есепке ала отырып, біз бюджетке түзетулер енгізуді жоспарлаудамыз», - деді С.Ахметов. Өз кезегінде Н.Назарбаев бюд­жеттің кіріс бөлігінің көрсет­кіш­терін оның теңдестірілуі мен тиім­ділігі мақсатында анықтау қажеттігін атап өтті.

Жердің дауын қазақ қашаннан жоғары қойған. Қарыс сүйем жер үшін талас бізде ежелден бар. Сондай таластың талайы бүгінде Қызылорданың төңірегінен де табылып қалады. Сондықтан да, облыстық прокуратура жақында өткізген алқа мәжілісін осы бір ғана мәселеге арналды. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Жер телімі үшін текетірес» деген тақырыпта кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, тексеру барысында жергілікті атқарушы органдардың бір азаматқа екі рет жер телімдерін берген деректері де айғақ болды. Мұндайлардың қатары артық-кемі жоқ 57 адам екен. Сонымен қатар, қала аумағында бас жоспарға сәйкес келмейтін жер учаскелері берілген. Мұның бір айқын дерегі - Бөкейхан - Сұлтан Бейбарыс көшелері аралығындағы қалаішілік магистралды жол салу жоспарына кірген аумақтан жұртқа жер бөлінуі.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, былтыр Қазақстанда республикалық бюджеттің жалпы сомасы - 219,1 миллиард теңгесі тиімсіз жұмсалған! Кеше ел Парламентінде Үкіметтің және Есеп комитетінің «2012 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы» есептері жария етілді. «Соңғысының есебінде шенеуніктердің ел қаржысын талан-тараж етуінің төбе шашты тік тұрғызарлық, бұрынғыдан асқан деректері келтірілген. Жалпы, Есеп комитетінің басшылық тізгінін Елбасы Аслан Мусинге бергелі бері, бұл ведомствоның пәрмені арта бастағанға ұқсайды», - деп жазады басылым «Миллиардтар қайда жұмсалады?» деген тақырыптағы мақаласында.

«Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтауға әлі нүкте қойылған жоқ. Оған себеп - теңіз жағалауында отырған бес елдің нақты бір шешімге келе алмауы», - деп жазады «Айқын» газеті. Мұның өзіндік себептері бар. Өйткені алдын ала жүргізілген есеп бойынша, Каспий табанында 10 миллиард тонна болатын мұнай жатыр. Ал жалпы теңіздегі мұнай-газ қоры 18-20 миллиард тонна деп есептеледі. Бұл аз қор емес. Мұның сыртында «майлы күлшеден» дәм татқысы келетін үшінші күштер тағы бар. Нақтылай түсетін болсақ, Каспий теңізінің жалпы ауданы - 376 мың шаршы шақырым. Оның беті теңіз деңгейінен 28 метр төмен жатыр. Осы мәселелерді арқау еткен мақала «Каспий қақтығыс алаңына айналуы мүмкін бе?» деген тақырыппен берілген.

***

«Бүгінде кең даламыз шөл далаға айналып барады. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің соңғы таратқан мәліметіне қарасақ, ел аумағының 70 пайызы шөлге айналып үлгеріпті және шөлейттену үдерісі үдемесе, тоқтайтын түрі байқалмайды», - деп дабыл қағады «Алаш айнасы» газеті жұма күнгі нөміріндегі «Кең дала шөл далаға айналып барады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, жалпы қазақ сахарасына көз жүгіртетін болсақ, шөлейт даланың бірнеше түрін көруге болады. Атақты Қарақұм 350 мың шаршы шақырымды алып жатыр, 200 мың шаршы шақырымға созылған Үстірт пен Маңғышлақ, 300 мың шаршы шақырым жерде жатқан Қызылқұм, 35 мың шаршы шақырым - Арал Қарақұмы, 75 мың шаршы метр - Бетпақдала, 40 мың шаршы шақырымға жететін Мойынқұмымыз бар. Ал әлемдегі ең жас шөл Аралқұм екен. Арал теңізінің суалуы бұл шөлдің ұлғаюына ерекше әсер етті.

***

Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов әзірше Қазақстандағы өздерінің бизнес активтерін сатуға құлық танытып отырған жоқ, - деп жазады «Экспресс К» газеті «Уходят ли «евразийцы» из Казахстана?» деген мақаласында. Бұл жайында бизнесмендер мәлім еткен. Айта кетерлігі, олар ENRC компаниясының акциясына (әрқайсысы 14,59 пайыздан) иелік етеді. Сонымен қатар «Еуразия» сақтандыру компаниясы мен Еуразиялық банктің 100 пайыз қожайындары.

«Неге біз Еуразиялық банкті сата алмаймыз? Бұл бизнес. Жақсы нарықтық баға болса сата аламыз. Бірақ нақты қазір емес, әзірше лайықты ұсыныс жоқ», - депті П.Шодиев басылымға берген сұхбатында.

Соңғы жаңалықтар