«Каспий» клубының футбол орталығы ашылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып, «Каспий» клубының футбол орталығының ашылу рәсіміне қатысты. Ашылу рәсім 2012-2022 жылдары Қазақстан Республикасында балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында өтті, деп хабарлады федерацияның баспасөз қызметінен.
None
None

Клуб жыл сайын футбол орталығына 109 миллион теңге бөледі. Бұл қаржыға спорттық жабдықтар, орталықтың тәрбиеленушілері мен жаттықтырушыларының спорттық киімдері алынады. Сонымен қатар, жаттықтырушылардың жалақысы мен жасөспірімдер командалардың іссапарларының шығыны төленеді.

«Каспий» футбол клубының футбол орталығында қазіргі уақытта 14 топ бар. Онда 300-ге тарта бала футболмен шұғылданады.

«Елбасы 2020 жылға қарай спортпен шұғылданатын қазақстандықтардың санын 30 пайызға жеткізу міндетін алға қойды. Футбол орталығында тәбиеленетін балалардың саны айтарлықтай өседі. Орталықтың басты міндеті - футболшыларды дайындау. Олар облыс командасының және ұлттық құраманың намысын қорғауы тиіс. Футбол орталығы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу күндері ашылды. Сондықтан бұл орталықтың салтанатты ашылу рәсімі Елбасының Ақтау балаларына арнаған сыйы деп айтуға болады», - дейді ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов.

Айта кету керек, қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймағында 16 футбол орталығы жұмыс істеп тұр. Тағы бір футбол орталығы алдағы уақытта Петропавл қаласында ашылады.

Соңғы жаңалықтар