Каспий конвенциясына қол қоюдың Қазақстан келешегі үшін маңызы қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының маманы Анастасия Решетняк алдағы Қаспий маңы елдері басшыларының саммитінен не күтетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.

Каспий конвенциясына қол қоюдың Қазақстан келешегі үшін маңызы қандай

«Самиттен дәмеміз зор. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөнінде конвенция жобасы 25 жыл бойы келісіліп келе жатыр және бұл мәселе барлық бес тарап үшін маңызды болды. Біз соңғы уақытта тараптардың позициялары жақындай түскенін байқадық. Бұл бәтуаластыққа алып келеді деп үміттенеміз. Өткен жылдың желтоқсан айында конвенция жобасы жасалып, бүгінде қазақстандық дипломаттармен қатар шетелдіктер де Ақтау саммитінде конвенцияға қол қойылатыны туралы абайлап қана айтып жүр», - деді ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

Оның айтуынша, келіссөз жүргізу процесінің басында кейбір қатысушылар қатаң позиция ұстанып, кей мәселелерде қарама-қайшы пікір білдірген.

«Өзара талқылап, келісуді қажет ететін көптеген өзгешеліктер болды. Бұл тұрғыда Қазақстанның позициясы БҰҰ-ның 1982 жылғы халықаралық теңіз құқығы жөніндегі Конвенциясының Каспий теңізінің ерекше мәртебесін көрсететін өзгешеліктерін пайдалануға негізделуімен тиімді болды. Каспий - ерекше теңіз, сондықтан оған жалпылай қарауға болмайды. Қазақстан тараптардың позицияларын жақындастыру үшін көп жұмыс жасады», - деді маман.

Құжатқа қол қоюдың Қазақстанның келешегіне әсері жайында айтар болсақ, Решетняк еліміздің транзиттік әлеуетінің артуына зор мүмкіндіктер туатынын ерекше атап кетті.

«Конвенция жобасы әлемдік теңізге шыға алмайтын ішкі елдерге жол ашып береді.  Мысалы, Иран арқылы Парсы шығанағына аттануға болады. Бұл транзиттік тұрғыдан алып қарағанда, жаңа мүмкіндіктер туатынын көрсетеді. Каспий түбі бойымен құбыр желісін салу туралы қайта келіссөздер өтуі әбден мүмкін», - деп түйіндеді А. Решетняк.