Каспий құбыр консорциумы екі құрылғының жұмысын уақытша тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM – Каспий құбыр консорциумы екі айлақ құрылғысының (ВПУ-1 және ВПУ-2) жұмысын уақытша тоқтатты, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

2025 жылдың 27 наурызы мен 31 наурызы аралығында федералдық мемлекеттік бақылау (Ространснадзор) аясында КҚК-ге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша тексеру актісі, кемшіліктерді жою туралы нұсқау, ВПУ-1 және ВПУ-2 нысандарында қызметке уақытша тыйым салу туралы хаттама толтырылды.
КҚК баспасөз қызметі мәліметіне қарағанда, екі құрылғы жұмысы тоқтап тұрған кезеңде теңіз терминалында мұнай өткізу үшінші айлақта (ВПУ-3) жалғасады.
Бұл тұрғыда КҚК акционерлері аталған қадағалау органының нұсқаулары туралы хабардар етілген.
Компанияның хабарлауынша, Ресей Федерациясы Үкіметінің тапсырмасы бойынша 2025 жылдың 26 наурызынан бастап көлік саласында қадағалаудың федералды қызметі су көлігі инфрақұрылымы нысандарының қауіпсіздігіне тексеру жүргізіп жатыр. Осы орайда бірқатар порттағы ұйымдар тексерумен қамтылған.
- Тексерулер 2024 жылғы 15 желтоқсанда Керчь бұғазында танкерлердің апатқа ұшырауы салдарынан мұнайдың төгілуінен туындаған төтенше жағдайға байланысты ұйымдастырылды, - делінген компания ақпаратында.
24 наурызда Каспий құбыры консорциумына дрон шабуылынан кейін мұнай айдау станциясын қалпына келтіріп жатқаны туралы хабарлаған едік.