Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында танкерлерге мұнай тиеу қайта басталды
Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск портының терминалында танкерлерге мұнай тиеу қайта басталды, деп хабарлайды Kazinform.

Каспий құбыр консорциумының телеграм арнасында хабарланғандай, бұған дейін Новороссийск порты капитанының дауылға және қолайсыз ауа райына байланысты ескертуінен кейін теңіз терминалында танкерлерге мұнай тиеу тоқтатылған. Бүгін, 30 қарашада терминалда танкерлерге мұнай тиеу қайта басталды.
«Қалқымалы шлангілер мен айлақ маңындағы құрылғыларға тексеру жүргізілді. ВПУ-3 құрылғысының сыртқы бөлігіндегі қалқымалы шлангінің зақымданғаны анықталды. Дауылдың салдарынан шланг бүгілген. Осыған байланысты қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оның ішінде, мұнайдың төгілуіне, авариялық жағдайлардың туындауына жол бермеу мақсатында ВПУ-3 құрылғысы пайдаланудан шығарылды. Мұнай төгілген жоқ. Төтенше жағдай туындамады. Тұрғындарға, Қара теңіздің флорасы мен фаунасына қауіп төнбеді», - деп хабарлады Каспий құбыр консорциумының баспасөз қызметі.
Қазір теңіз терминалында мұнайды жөнелту ВПУ-1 және ВПУ-2 құрылғылары арқылы штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр.
«ВПУ-3 құрылғысындағы қалқымалы шлангілердің бүлінген секцияларын ауыстыру ауа райының қолайлы кезінде қолда бар қосалқы бөлшектермен жүзеге асырылады. Қалқымалы шлангтың зақымдалған секциялары ауыстырылғаннан кейін ВПУ-3 құрылғысының пайдалануға берілгені туралы қосымша хабарланады», - деп мәлім етті консорциумның баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қазақстандағы тағы бір компания мұнай өндіру көлемін азайтқанын хабарлаған болатынбыз.
Кейін тағы бір ірі компания мұнай өндіру көлемін азайтқанын жазған едік.