Каспий құбырына шабуыл жасалмайтын болды

АСТАНА. KAZINFORM – Каспий құбыр консорциумы Ресей мен Украина арасында уақытша шабуыл жасалмайтын нысандар тізіміне енді.

КҚК
Фото: КҚК баспасөз қызметі

25 наурыз күні Кремль сайтында Ресей мен Украинадағы энергетикалық жүйеге соққы жасауға уақытша мораторий қолданылатын нысандар тізімі жарияланды.

Аталған тізімнің 2-тармағында «Мұнай және газ құбырлары мен қоймалары, соның ішінде сорғы станциялары» деп көрсетілген.

— Уақытша мораторий 2025 жылғы 18 наурыздан бастап 30 күнге жарамды және өзара келісім бойынша ұзартылуы мүмкін. Егер тараптардың бірі мораторий шарттарын бұзса, екінші тарап оны орындау міндетінен босатылады, — деп жазылған Кремль сайтында.

Бұған дейін Каспий құбыр консорциумының баспасөз хатшысы Илья Архипов «Кропоткинская» сорғы станциясындағы жағдай өзгеріссіз екенін мәлімдеген болатын. Станция қызметі тоқтап тұр, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнай құбыры жұмыс істеп, тиеу-жөнелту қалыпты режимде жүріп жатыр.

Еске сала кетсек, биыл 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының мұнай айдау стансасына дронмен шабуыл жасалды.

Кейін Энергетика министрлігі КҚК-ға жасалған кезекті дрон шабуылына қатысты түсінік берді.

Сондай-ақ Каспий құбыры консорциумына келген шығын кәсіпорынның өз есебінен өтелгені айтылды.

24 наурызда Каспий құбыры консорциумына дрон шабуылынан кейін мұнай айдау станциясын қалпына келтіріп жатқаны туралы хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар