Каспий құбыр консорциумындағы апат Қазақстан экспортына қалай әсер етті

None
Фото: svetland-oil.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Каспий құбыр консорциумында жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазан айында консорциумдағы екі қондырғыны жөндеуді аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ ауа райына байланысты бұл жұмыстар тоқтатылды. Менің ойымша, алдағы екі-үш күнде теңіздегі №1 қондырғыны жөндеу жұмыстары аяқталады. Одан кейін бірден екінші қондырғыны жөндеу басталады. Оны жөндеу шамамен екі-үш аптада аяқталады», - деді Ә. Смайылов Сенаттың отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Каспий құбыр консорциумындағы апат еліміздің мұнай экспортына қалай әсер еткенін айтты.

«Қашағанда газ бөлу қондырғысындағы апатқа байланысты жөндеу жүргізілгенін, сондай-ақ Орынбор газ өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары жүргізілгенін ескерсек, Қарашығанақ кен орны көмірсутектер мен газ өндіруді біршама қысқартты. Сондықтан Каспий құбыр консорциумындағы аталған жөндеу жұмыстары экспорттық мүмкіндіктерге әсер еткен жоқ. Яғни қанша өнім өндірсек, сол көлемді экспорттадық», - деді Премьер-Министр.

Фото: svetland-oil.kz


Соңғы жаңалықтар