Каспий маңы елдері ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтауда «Caspian Sea Action Week 2026» апталығы аясында «Бір Каспий – бір болашақ» фасилитациялық сессиясы мен «Бірлескен ғылыми зерттеулер – Каспий теңізінің өзекті мәселелерін шешудің кілті» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Каспий маңы мемлекеттерінің табиғатты қорғау ведомстволарының, ғылыми ұйымдарының және сарапшылар қауымдастығының өкілдері аралас форматта қатысты. Сонымен қатар Тегеран конвенциясының Уақытша хатшылығының үйлестірушісі Махир Алиев пен БҰҰ-ның жобаларға қызмет көрсету басқармасының өкілі Томас Прайс сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Каспий маңы елдерінің ғылыми ынтымақтастығын күшейтудің маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, ғылыми деректермен алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу, ғылыми инфрақұрылымды дамыту және заманауи мониторинг технологияларын енгізу өңірде бірыңғай ғылыми кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
— Бүгінде ғылымның рөлі артып келеді. Заманауи зерттеулер Каспий теңізінде болып жатқан үдерістерді тереңірек түсінуге, экологиялық мониторинг жүйелерін жетілдіруге, өзгерістерді болжауға және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдау үшін ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді, – деді Мансұр Ошурбаев.
Жиында Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстан өкілдері де құттықтау сөз сөйлеп, Каспий теңізін қорғау бағытындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Дөңгелек үстелде Каспий теңізінің гидрометеорологиялық және экологиялық жағдайы, теңіз деңгейінің өзгеруі, экологиялық мониторинг, теңіз және жағалау экожүйелерінің жай-күйі, биологиялық әртүрлілікті сақтау және климаттың әсері талқыланды.
Қатысушылар гидробиологиялық зерттеулердің нәтижелеріне де тоқталып, теңіз деңгейінің өзгеруі мен климаттық факторлардың Каспийдің биоалуантүрлілігіне ықпалына ерекше назар аударды.
Талқылау барысында Каспий маңы мемлекеттері арасында бірлескен ғылыми зерттеулерді кеңейту, ғылыми ақпаратпен алмасу және зерттеу нәтижелерін өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге пайдалану мәселелері негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленді.
Кездесу қорытындысында тараптар ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, зерттеу нәтижелерін Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға бағытталған ұзақ мерзімді шешімдер әзірлеуде тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.
Осыған дейін Каспий мәселелерін зерттейтін ғылыми филиал ашу ұсынылғаны туралы жаздық.