Каспий маңы ойпатының өте терең қабатын зерттейтін консорциум құрылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Каспий маңы ойпатының өте терең қабатын зерттеумен айналысатын консорциум құрылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы жалпы отырысында еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, жүргізілген зерттеу әлем мұнай тұтыну көлемінің шырқау шегі 2030 жылы орын алып, 2050 жылға қарай ол төмендей бастайды. Осыған байланысты еліміздің Энергетика министрлігі мұнай саласына инвестиция салуды ынталандыру үшін шаралар әзірлеу үстінде. Мәселен, инвестициялық тартымдылықты арттыру және әкімшілік кедергілерді төмендету үшін Жер қойнауы туралы кодекс пен Салық кодексінің жобалары әзірленген. Аталған жобаларды осы жылдың қыркүйек айында Парламент қарауына енгізу жоспарлануда.
«Мұнайдың бағасы төмен болған жағдайда аталған түзетулер жыл сайын мұнай-геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 1 млрд доллар инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Күні кеше ғана біз Eni, Роснефть, CNPC, SOCAR, NEOS GeoSolutions және ҚазМұнайГазбен бірге «Еуразия» жобасы бойынша келісімге қол қойдық. Каспий маңы ойпатының өте терең қабатында Қазақстанның жер қойнауын зерттеумен айналысатын концорциум құруға уағдаластық. Мұндай жоба бұрын-соңды әлемде болған емес. Каспий маңы ойпаты қорында мамандар 50 млрд тоннадан астам мұнай бар деп бағалауда», - деді Қ. Бозымбаев.
Айта кетейік, Шетелдік инвесторлары кеңесі Қазақстан Президентінің төрағалығымен өтетін кеңесші-консультативті орган болып саналады. Кеңес 1998 жылы елдегі инвестициялық қызмет пен инвестициялық ахуалды жақсартумен тікелей байланысты өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін мемлекет пен шетелдік инвесторлар арасындағы тікелей үнқатысуды қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Елдің инвестициялық саясаты мен экономикалық дамуының басты аспектілері бойынша Қазақстан Президенті мен Үкіметінің қарауына ұсынымдар мен ұсыныстарды әзірлеу Кеңестің басты міндеті саналады.