«Каспий мәртебесін айқындау. Бұл мәселеде Қазақстан ұсынысы қолдау тапты» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 19 қараша, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Каспий мәртебесін айқындау. Бұл мәселеде Қазақстан ұсынысы қолдау тапты» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Онда кеше Әзірбайжан Респубилкасының астанасы Бакуде өткен Каспий жағалауы елдері мемлекет басшыларының үшінші саммитінде талқыланған мәселелер жазылған. Басылымның жазуынша, саммитте сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Каспий жағалауы елдеріне қатысты барық мәселелердің толық және тұтастай шешілуіне мән беретінін, бұл жердегі ең басты мәселе, Каспийдің құқықтық мәртебесінің түпкілікті анықталуына тығыз байланысты болып тұрғаны баршаға түсінікті екендігін атап көрсеткен. «Каспий жағалауы халықтары арасындағы жемісті ықпалдастықтың достық рухында нығаюы біздің елдеріміздің өңірлік ынтымақтастығын жаңа белестерге шығаратынына сенімдімін», - деп атап көрсеткен Қазақстан басшысы.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының, сондай-ақ ресейлік "Соллерс" компаниясы өкілдерінің қатысуымен Қазақстанда автомобиль өндірісін дамыту мәселелері бойынша жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Онда жұмыс тобының Қостанай қаласында автозауыт өндірісін ұйымдастыру жөніндегі ұсынысы талқыланды. Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Қостанай қаласында өндіріс қуатын орналастыруға қажетті алаңды және жеңіл автомобилдердің модельдік үлгілерін анықтау бойынша, сондай-ақ салық салу және мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеуге қатысты нақты тапсырмалар берді.
***
Қор нарығы, яғни бағалы қағаздар айналымы өркениетті елдер үшін қосымша табыс көзінің қызметін атқарғалы қашан. Бағалы қағаздардың бағамын білгендер тер шығармай-ақ, тірнектеп жиған ақшасын кіріс әкелетін осындай қаржы құралдарына салып қойып, үйінде отырып-ақ пайда көреді. Сондай қаржы нарығын дамытудың біздің елде де біраздан бері қолға алғанымен, бұл сала әлі толыққанды өркен жайып кете алған жоқ. Мұның бір себебі халықтың қаржылық сауатында жатса, екінші ұшы елдегі кәсіпорындардың өз акцияларын қор нарығына салуға әлі дайын болмауында жатыр. «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, сол себепті болар, енді «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялардың акциялары қор нарығында халыққа арнап сатылмақ. Бұл жаңалықты кеше «Эксперт - 100 - Қазақстан» екінші экономикалық форумына келіп қатысқан Үкімет басшысы К.Мәсімов жария еткен. Қаржыңызды еселей түсетін бұл тетік жайында кеңірек білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі нөміріндегі «Үкімет қор нарығын дамыту үшін қарымды қадам жасамақ» деген мақалаға назар салыңыз.
«Еуропа елдеріндегідей әйелдер мен еркектердің зейнеткерлікке шығу жасының бірдеңгейлілігі бізге үлгі болуы тиіс пе?». «Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Ой-көкпар» айдарында көтерілген осы сауалға Қазақстан зейнетақы қорлары қауымтастығының төрағасы Айдар Әлібаев пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова жауап берген. Білікті мамандардың бірі «иә» деп, екіншісі жоқ» деп бір-біріне кереғар пікірлер білдірген.
***
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы саясаттанушы Ерлан Қарин. Онымен болған сұхбат «Алаш қайраткерлері бүгінгі билік пен оппозицияның уайымын түсінбес еді» деген тақырыппен жарияланды. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы төңірегінде өрбігін әңгіме барысында Е. Қарин: «Екіншіден, бұл саммитте 50 елдің басшысы жиналып, алыстағы Гаитидегі мәселелерді талқылап жатса, ондай әңгімелер түсінікті болар еді. Бірақ алдағы саммитте күн тәртібінде негізінен бізге қажет мәселелер ұсынылып отыр: біріншіден, Ауғанстандағы жағдай, екіншіден, Қырғызстандағы дағдарысқа байланысты Орталық Азияның тұрақтылығы, үшіншіден, лаңкестік, экстремизммен күрес, төртіншіден, қару-жарақтарды бақылау жөніндегі келісімшарттарды қайтадан қарау және тағы басқа. Сондықтан бұл саммитте бізге қажет мәселелер біздің мүддеміз тұрғысынан талқыланбақ. Демек, саммиттің маңызы өте жоғары», - деп атап көрсеткен.
«Кәсіпқой бокстан WBA тұжырымы бойынша 72,3 келі салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин 16 желтоқсан күні Астана қаласында өз атағын қорғайтын болады», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның мәліметінше, Тәуелсіздік күні қазақстандық боксшы панамалық Нельсон Хулио Тапиаға қарсы шығады. Бұл боксшы осы күнге дейін 17 жекпе-жек өткізіп, 14 рет жеңіске жеткен. 10 қарсыласын нокаутқа түсірген. Екі рет ұтылып, 1 мәрте бәсекені тең аяқтаған. Ал Г. Головкин болса кәсіпқой боксқа келгелі бері шаршы алаңға 19 рет көтеріліп, оның барлығында да жеңіс тойын тойлаған.
***
«Казахстанскя правда» газетінде белгілі Ресей саясаткері, Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы және ТМД Парламентаралық Ассамблеясының ұзақ жылдардан бергі жетекшісі Сергей Мироновтан алынған сұхбат «Проведение саммита -судьбоносная инициатива Казахстана» деген тақырыппен басылды. Газет тілшісінің сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ресейлік саясаттанушы: «Қазақстан төрағалығының маңызды бір қадамы ретінде ұлтаралық және мәдениетаралық үнқатысуларды ілгері жылжытуы болғанын атап көрсеткен абзал. Осы арада Қазақстанның Еуразияның кіндігінде, әлемнің көне өркениеттерінің тоғысында, яғни Шығыс пен Батыс арасындағы көпжақты байланыстар орталығында орналасқан ғажайып географиялық жағдайын еске түсірген де орынды. Дегенмен, мен Қазақстан төрағалығының басты нақышы, ең маңызды және мүмкін тағдыршешті бастамаларының бірі деп Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанында Астана Саммитін өткізу туралы ұсынысын есептеймін. Бұл Саммит 10 жылдан астам уақыт бас қоспаса, енді ол Хельсинки үдерісін дамытуға жаңа серпін қосады деп сенемін», - дейді.