Каспий мен Балқаш неге тартылып барады – маман пікірі

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Трансшекаралық өзендер департаментінің директоры Арсен Жақанбаев Каспий теңізі мен Балқаш көлінің тартылу себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы уақытта «Каспий теңізі неге тартылып жатыр, су неге азайып келеді?» деген сұрақтар туындауда. Каспий суының негізгі қоры – Қиғаш өзені. Қиғаш өзені Ресейдің Еділ өзенінің тармағы саналады. Яғни, тек Жайық өзенінде ғана емес, Еділ өзені де су аз циклін бастан кешіруде. Соның салдарынан су аздығы байқалады», - деді ол «Хабар 24» телеарнасының «Күн тәртібі» бағдарламасында.

Сонымен қатар Арсен Жақанбаев Қытай мен Қазақстан арасында екі елдің трансшекаралық өзендері суын пайдалануға қатысты келісімнің әлі әзірленіп жатқанын айтты.

«Соңғы уақытта Қытайда су тұтыну көлемінің артуына байланысты Іле өзенінің суы аз келіп жатыр. Бұл өзен Балқаш көлі суының 70 пайызын құрайды. Қара Ертісте де су аз циклі байқалады. Суды 1,5-2 млрд текше метрге аз алып отырмыз. Жалпы елімізде 8 су бассейні бар. Олардың ішінде артық су мөлшері бары - Ертіс бессейні», -деді департамент басшысы.


Соңғы жаңалықтар