Каспий теңізі арқылы Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен әзербайжандық азаматтарға сот үкімі шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Баку қаласынан Каспий теңізі арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз өткен Әзербайжан азаматтарына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарланған Маңғыстау облыстық сотының сайтында.

Каспий теңізі арқылы Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен әзербайжандық азаматтарға сот үкімі шықты

«Маңғыстау облысы Қарақия аудандық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 392-бабының 1-бөлігі бойынша айыпталған Н.К., А.Б., И.Т., М.И. есімді Әзербайжан Республикасының азаматтарына қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот отырысында анықталғандай, 2015 жылы 10 ақпанда аталған азаматтар өзара келісіп, "Байда" жүзу құралын пайдаланып, Баку қаласынан Каспий теңізіне өткізу пункттерінен тысқары жерден құжатсыз және тиісті рұқсатсыз Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы әдейі заңсыз айналып өткен», делінген хабарламада. Сот үкімі бойынша Әзербайжан Республикасының азаматтары ҚР ҚК 392-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оларға осы бап бойынша Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге бес жыл мерзімге шығарып жібере отырып, 9 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.