Каспий теңізінде апатты жағдайлар көбінесе шетелдік кемелерде орын алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ИДМ Көлік комитетінің дерегі бойынша 2016 жылдың 10 айында Көлік комитетінің аумақтық органдары кемелерде 10 978 тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 1 121 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта Көлік комитеті Қазақстанның теңіз порттарындағы отандық және шетелдік кемелерді бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін кемелерді тексеру нәтижесін тіркеуді автоматтандыру мәселесін қолға алды. Флоттағы апатты ескерту мақсатында Комитет тиісті іс-шара жоспарын жетілдіріп, жүзеге асыруда. Жыл басынан су көлігінде 15 оқиға орын алып, онда 2 адам мерт болды және 3 адам зардап шекті. Теңіз көлігіндегі апатты жағдайлар кемелерде қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан орын алған. Оқиғалардың басым бөлігі, яғни, 9 жағдай теңіз кемелерінде, өзен кемелері бойынша 2 факт және 4 оқиға шағын кемелерде болған»,-деп атап өтілген ҚР ИДМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Аталмыш тоғыз оқиғаның алтауы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде шетелдік кемелерде болған жағдай. Адам өліміне әкеп соққан және адамдардың денсаулығына зиян келтірген барлық оқиғалар кемені пайдаланған кезде техникалық қауіпсіздікті сақтамағандықтың салдарынан болған, осы ретте құтқару жилетінің болмауы, су көлігін басқаруда тәжірибенің жоқтығы әсер етті.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 323 теңіз, 783 өзен және 28,7 мыңнан астам шағын кемелер тіркелген. Кеме жүзетін су жолдарының қашықтығы 4 мың шақырымнан асады.