Каспий теңізінде ресейлік заң бұзушылар қуғыншылардан қашып кету кезінде ҚР шекарашыларының катеріне соқтығысты

АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат - Каспий теңізінде ресейлік заң бұзушылар қуғыншылардан қашып кету кезінде ҚР шекарашыларының катеріне соқтығысты. Нәтижесінде, заң бұзушылардың қайығы аударылып, олардың біреуі оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлады бейсенбі күні ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.

Каспий теңізінде ресейлік заң бұзушылар қуғыншылардан қашып кету кезінде ҚР шекарашыларының катеріне соқтығысты

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Бүгін 01.05 сағатта әскери кезекшілікте жүрген «Найза» шекара катері радиолокациялық бақылау нәтижесінде Каспий теңізінің қазақстандық жақ бетіндегі Урдюк бұғазы маңында айыру белгілері жоқ шағын кемені байқады».

Шекарашылар байда (жүрдек қайық) анықталған ауданға жақындап, жүзу құралына тоқтау туралы ескерту жасады. Бірақ, заң бұзушылар шекарашылардың сөзіне құлақ аспай, керісінше өз қайықтарымен шекарашылар катеріне соқтығысты, делінген ақпаратта. Нәтижесінде заң бұзушылардың катеріне елеулі зақым келіп, аударылып қалды. Шекаралық катердің тек тұмсық бөлігі ғана аздап бүлінді.

Шекарашылар аздаған дене жарақаттарын алған екі құқық бұзушыны ұстады. Үшінші құқық бұзушы апат кезінде қаза тапқан екен. Ұсталғандардың барлығы да Ресей Федерациясының азаматтары, деп нақтылайды баспасөз қызметіндегілер.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары осы іске қатысты тергеу амалдарын жүргізуде.