Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға Қазақстанда өтетін саммитте қол қойылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға Қазақстанда өтетін саммитте қол қойылуы мүмкін. Бүгін Астанада Каспий маңы мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің кеңесі барысында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осылай мәлімдеді. Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі күні «Каспий бестігі» аясындағы келіссөздердің негізгі үдерісі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасын аяқтауға бағытталып отыр.
None
None

«Бұл негіз қалыптастыратын заңнамалық құжат - Каспий маңы мемлекеттерінің өзара қарым-қатынасының архитектуралық келешегіне берік іргетас қалыптастыруға бағытталады. Бұдан бөлек, конвенция келешекте тұтастай каспий маңы өңірі үшін орнықтылықты қамтамасыз етіп, тұрақты дамуға септігін тигізуі шарт», - деп атап өтті министр.

Сөз арасында сыртқы саясат ведомствосының басшысы Конвенция жобасындағы мәтіндерді келістіру, дайындау бойынша ауқымды жұмыстар атқарған делегация жетекшілеріне, Арнайы жұмыс тобының сарапшыларына ризашылығын білдірді. Министрдің айтуынша, халықаралық келісімшарттарды әзірлеу барысында принципті сипаттағы жекелеген мәселелердің орын алуы заңдылық. Ал ондай мәселелер негізінен жоғары деңгейде қаралуды талап етеді. Дәл осындай мәселелер бойынша Арнайы жұмыс тобы белгілі бір жұмыстарды атқарып, ол ортақ компромиске қол жеткізу үшін талқылауға шығарылады.

«Каспий маңы мемлекеттері басшыларының Конвенция жобасымен жұмысты аяқтау туралы тапсырмалары бүгінгі келіссөздерге ерекше маңыз беріп отыр. Конвенция жобасына Қазақстан Республикасында өтетін Каспий маңы мемлекеттер басшыларының бесінші саммитінде қол қоюы жоспарланған.  Осылайша, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жоғары басшылықтың алда өтетін кездесуіндегі ең басты қорытынды құжаты болуы керек. Осыны ескере отырып, біз Конвенция жобасы бойынша барлық қағидатты мәселелерді шешу үшін барынша күшімізді салуға дайынбыз. Барлық әріптестер тарапынан күшті ерік-жігер мен бір-бірінің өзара мүдделерін ескере отырып, компромиске баруға әзірлігі болса, жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады деп сенемін», - деді Е. Ыдырысов. Еске салайық, Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың төрағалығымен Каспий маңы мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтуде. Жиынға «Каспий бестігінің» сыртқы істер ведомстволарының басшылары, атап айтқанда Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Эльмар Мамедъяров, Иран Ислам Республикасының  Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Түркіменстан Республикасының Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары,  Сыртқы істер министрі Рашид Мередов қатысуда.

Бас қосуда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның жобасы, Каспийдегі ынтымақтастықтың жеке бағыттары бойынша жұмыс барысы, Қазақстан Республикасында өтетін Бесінші Каспий саммитіне дайындық мәселелері  талқылануда.

Соңғы жаңалықтар