Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау жұмыстары белсенді жүргізілуде - Әзербайжан СІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Баку саммитінен кейін, 2014 жылдың қыркүйегінде Астраханьда саммит өткізу жоспарланған, оған дайындық жұмыстары да жасалды. Бұл туралы бүгін Әзербайжан Сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазады www.trend.az.
«2014 жылдың мамыр айында өткен Сыртқы істер министрлерінің саммитінде бірқатар сұрақтарда алға ілгерілеушілік болды. Алайда, шешімді нәтижеге қол жеткізу үшін Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы құжатты әзірлеу жөніндегі Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі арнайы жұмыс тобы жұмысты жалғастырады. Бұл мәселе бойынша тамыз айының соңында Мәскеуде кездесу өтеді деген жоспар бар», - деді Халафов.
Астрахань саммитіне дейінгі кездесуде негізгі мәселе - Каспий аймағы елдері басшыларының деңгейінде шешім қабылданатын түпкілікті құжатты мақұлдап алу. Бұл құжатта нақты мәселелер шешіледі деп жоспарланған», - деді Әзербайжан Сыртқы істер министрінің орынбасары.