Каспий теңізінің мемлекеттік мәртебесіне назар аударатын уақыт жетті - Г. Сейітмағанбетова
АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Каспий теңізінің мемлекеттік мәртебесіне назар аудару керек. Бүгін Мәжілісте еліміздің экологиялық мәселелеріне арналған Үкімет сағатында депутат Гүлнәр Сейітмағанбетова осылай мәлім етті.
«Біз Каспий теңізінің, еліміздің шөлейт аймағында орналасқан әрі байлыққа толы жабық бассейн екенін ешуақытта естен шығармауымыз керек. Сондықтан да Каспий теңізінің экологиялық жағдайына зор мән беруіміз, оған мемлекеттік мәртебе беруіміз керек. Оның үстіне біз алдағы 4-5 жылда осы аймақта алып кеніштің мұнайларын өндіре бастаймыз. Сол тұста орын алуы мүмкін техногендік сипаттағы жағдайларға әзірміз бе? Ал ондай әзірлікті біз осыдан 10-15 жыл бұрын бастауымыз керек еді. Алайда, бұның өзін әлі күнге қолға алған емеспіз», - дейді депутат.
Оның айтуынша, бүгінге дейін елімізде Каспий теңізінің қоршаған ортасы мәселесін реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттар әлі де қамтылмаған. «Теңізде зор ауқымды жобаларды, операцияларды бастағалы отырмыз. Алайда, солай бола тұра әлі күнге дейін экологиялық стандарттарды қамтитын шаралар жасалмады», - дейді Гүлнәр Сейітмағанбетова.