Каспий теңізінің жағалауынан өлген балықтар табылған жоқ - басқарма

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Каспий теңізінің жағалауынан өлген балықтар табылған жоқ - басқарма

Спикердің айтуынша, 29 тамызда әлеуметтік желіде жарияланған Каспий теңізінің жағалауында өлі батпақай балығының жатқаны туралы бейнежазба бойынша бақылау жүргізілген.

- Осы дерек туралы жұмыс тобының барлық мүшелеріне жедел түрде хабарланды. 2022 жылғы 29-30 тамыз айында мән-жайды анықтау үшін жергілікті атқарушы органның, Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының, Маңғыстау облысы бойынша балық инспекция басқармасының, Маңғыстау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызыметі басқармасының табиғатты қорғау жөніндегі жедел қызыметінің және Маңғыстау облысы экология департаментінің өкілдерінен тұратын жұмыс тобы «Қаражанбас», «Қаламқас» және «Қаратұрым» кен орындары аумағында Каспий теңізінің жағалауларына автокөлікпен тексеріс жұмыстарын жүргізді. Алайда, атокөлікпен бара алмайтын аймақтары да болды. Осыған орай 31 тамыз күні жұмыс тобы жергілікті уақытпен 12.50 мен 14.15 аралығында «МИ-8» тікұшағымен әуе арқылы ұшу кезінде Каспий теңізінің «Қаражанбас» кен орнынан бастап «Комсомол залив» аумағына дейін бақылау жүргізді,-деді Арман Молдашев.

Басқарма басшысы тікұшақпен қарау кезінде де Каспий теңізінің жағалауында өлген балықтар анықталмағанын атап өтті.

Сондай-ақ, брифингке Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының басшысы Жақсығали Іздібаев қатысты.

Оның айтуынша, Каспий теңізі жағажайларын мониторингілеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.



Фото:instagram.com/mangystau.news