Каспий теңізінің жағалауында туризмді дамытуға ниеттіміз - Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ақтауда Қазақстанның және әлемнің басқа да елдерінің 300-ден астам туристік бизнес өкілінің қатысуымен өтіп жатқан Туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форумда сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None

Премьер-Министр өз сөзінде мемлекеттің туризмді дамытуға, төл мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді насихаттауға үлкен мән беріп отырғанын атап өтті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырда жариялаған халыққа Жолдауында бұл салада серпінді жобаларды іске асыруды тапсырды.

«Біз «зәкірлік» жобалар іске асырылатын маңызды 10 туристік аймақты анықтадық. Олардың бірі – Каспий теңізінің жағалауы. Бұл - ерекше фаунасы, көркем жағажайлары мен ежелгі көрікті жерлері бар ерекше мекен. Біз кез келген қонақ үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз. Мемлекеттің де, жеке сектордың да күш-жігері осыған бағытталған», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр бүгінде Қазақстанда азаматтары визасыз жүре алатын мемлекеттердің саны 80-ге дейін артқанын еске салды.

Сонымен қатар халықаралық әуе қатынасының географиясы кеңейіп келеді.

«Өткен жылдан бері мемлекеттік қолдау шаралары бойынша туризм нысандарын салу, тау шаңғысы курорттарын дамыту және туристік автобустар сатып алу жобалары қамтылды. Шетелдік туристерді тарту үшін мемлекет туроператорларға да субсидия береді. Сондай-ақ ел ішінде саяхаттайтын Қазақстан азаматтары үшін балалар әуе билеттері субсидияланады», — деді Әлихан Смайылов.

Соңғы үш жылда салаға $4 млрд көлемінде инвестиция тартылып, 400-ден астам туристік нысан салынды.

Республикада Hilton, Marriott, Wyndham, Accor және т.б. сияқты 20-дан астам танымал халықаралық қонақ үй желілері есігін айқара ашты.

«Біз шетелдік және отандық инвесторларды Қазақстанның туризм саласын ел Үкіметінің қолдауымен ұзақ мерзімді инвестиция салу мүмкіндігі ретінде қарастыруға шақырамыз», — деді Әлихан Смайылов.

Соңғы жаңалықтар