Каспий теңізі тартылып, Маңғыстау жағалауында жаңа арал пайда болды
АҚТАУ. KAZINFORM — Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты Маңғыстау облысы аумағында жаңа арал пайда болды. Жергілікті мамандар «Рыбачий» деп атаған аралдың бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.
Жаңа арал Каспийдің солтүстік бөлігінде, Святой аралының шығысында, Маңғыстау облысындағы Баутино ауылынан шамамен 30 шақырым жерде орналасқан.
«Qazaq balyk» Республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының аймақтық филиалының директоры әрі, эко-сарапшы Данияр Әкімжановтың айтуынша, теңіз суының тартылуына байланысты соңғы 4-5 жылда шағын аралдар көбейген.
— Бұл аумақта Құлалы, Морской, Святой, Подгорный, Үшарал, Долгий және басқа да аралдар орналасқан. Олардан бөлек осындай шағын аралдар көбейіп жатыр, — дейді ол.
Эко сарапшы жаңа аралға экспедиция ұйымдастырған. Зерттеу барысында аумақты жабайы жануарлардың да мекендей бастағаны анықталған. Мұнда қасқыр, қабан және борсық кездеседі. Ал жағалау маңы балықтар мен құстардың тіршілік ету ортасына айналған.
Мамандар Каспийдегі су деңгейінің өзгеруі аймақтағы табиғи ландшафтқа әсер етіп жатқанына алаңдаушылық танытты.
Еске салайық, бұған дейін Каспий маңы елдері Каспий экожүйесін сақтау үшін күш біріктіретінін хабарлаған едік.