Каспий теңізінің солтүстігінде су қайтып, теңіз түбі көріне бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде, Құлалы аралына жақын маңда жаңа құрлық бөліктері пайда болғаны анықталды. Бұл құбылыстың себебін Экология және табиғи ресурстар министрлігі түсіндірді.
Министрліктің мәліметінше, Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының мамандары 2021–2026 жылдар аралығында түсірілген спутниктік суреттерді салыстырып, теңіз жағалауындағы өзгерістерді зерттеген. Нәтижесінде Рыбачий түбегінің батысында және Құлалы аралының шығысында (Түлен аралдары архипелагы) теңіз суы тартылып, құрлыққа айналған жаңа аумақтар анықталған.
— Спутниктік суреттер 2021 жылдан 2026 жылға дейін теңіз жағалауындағы өзгерістер жыл сайын күшейе түскенін көрсетеді. Жаңадан пайда болған құрлық бөліктерінің нақты аумағы әзірге есептелген жоқ. Дегенмен бұл өзгерістер Каспий теңізінің таяздануымен байланысты, — делінген мамандардың есебінде.
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, Құлалы гидрологиялық бекеті маңында Каспий теңізінің деңгейі бірнеше жыл бойы төмендеп келген. Соның салдарынан бұрын су астында жатқан аумақтар біртіндеп құрғай бастаған.
Мәселен, 2021 жылы теңіздің орташа жылдық деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша 28,31 метр болған. Сол жылы Рыбачий түбегінің батысында теңіз түбінің алғашқы бөліктері көріне бастаған.
2022 жылы су деңгейі 28,57 метрге дейін төмендеп, құрғаған аумақтардың шекарасы айқындала түскен. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 28,99 метрге жетіп, спутниктік суреттер Рыбачий түбегінің батысында жаңа құрлық бөліктерінің пайда болғанын көрсеткен.
2024 жылы теңіз деңгейі 29,37 метрге дейін төмендеген. Соның нәтижесінде су астында жатқан аумақтардың одан әрі құрғағаны байқалған. 2025 жылы су деңгейі 29,30 метр болғанымен, Рыбачий түбегінің батысындағы құрғаған теңіз түбінің аумағы ұлғая түскен.
Құлалы аралындағы гидрологиялық бекеттің дерегінше, 2026 жылдың шілдесінде теңіз деңгейі 29,42 метрге жеткен. Бұл — зерттеу кезеңіндегі ең төмен көрсеткіш. Дегенмен биыл түсірілген спутниктік суреттерде өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс байқалмаған.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Каспий экология саммитінде Каспий теңізінің тартылуына қарсы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді ұсынғаны хабарланды.