Каспий түбінде салынатын талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы қашан аяқталады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен жобасы аясында Каспий теңізінің түбіне талшықты-оптикалық желі тартылады. 

Каспий түбінде салынатын талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы қашан аяқталады
Фото: Alibaba

«Қазақтелеком» акицонерлік қоғамының инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірмановтың айтуынша, Каспий теңізінің түбінде тартылатын талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы 2026 жылдың екінші жартыжылдығында аяқталады.

— Бізде келісімшарттың әрбір құрамдас бөлігі бойынша нақты бекітілген жоспар бар. Негізгі кезеңдер – теңізді зерттеуге қажетті рұқсаттарды алу, кабельдік дизайнды реттеу және оны өндіру. Біз бұл міндеттерді биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деп жауап берді ол журналистердің сұрағына.

Логистика келесі жылға жоспарланып отыр.

— Кабельді Қазақстанға жеткізу – жүктің көлемі жағынан да, салмағы жағынан да күрделі процесс. Теңізге шығып, төсеуді бастауға бәрі дайын болғанда, жазда кабельдік жүйенің өзін орналастыруды жоспарлап отырмыз. Келесі кезекте оптикалық жүйелерді дайындау және арна инфрақұрылымын іске қосу жұмыстарын бастаймыз. 2026 жылдың екінші жартыжылдығында іске қосуға дайын боламыз, - деп атап өтті Нұрлан Мейірманов. 

Бұған дейін «Қазақтелеком» мен «AzerTelecom» Транскаспий жобасы бойынша стратегиялық құжатқа қол қойғаны туралы жазған едік. 

Цифрлық инфрақұрылым жобасы аясындағы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі транзиттік қабілетті кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар