Каспий ұзақ жылдар бойы оның жағалауын мекен еткен халықтарды бірлестірген, достық пен тұрақтылық теңізі болып отыр - Е. Ыдырысов
Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Іс-шараның ашылу кезіндегі сөзінде Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Каспий теңізін жауапкершілікпен қолдану мәселесіне қатысты кешенді сұрақтар бойынша өзара тиімді шешімдерді одан әрі іздеудің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов: «Каспий ұзақ жылдар бойы оның жағалауын мекен еткен халықтарды бірлестірген, достық пен тұрақтылық теңізі болып отыр. Каспий теңізі статусын реттеу және халықаралық саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың құқықтық режимін құру ҚР үшін саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, каспийлік өңірді дамыту, оның табиғи байлықтарын сақтау мен көбейту және бірегей географиялық орналасуын қолдану тұрғысынан стратегиялық маңызды сұрақ болған және болып қала бермек», - деп мәлімдеді.
«Тек үйлестірілген күш-жігер теңіз жағалауындағы мемлекеттердің ресурстарын әлемдік экономикаға сәтті түрде ықпалдастыруға мүмкіндік береді, ал біздің жоспарлап отырған және жүзеге асып жатқан жаңа инфрақұрылымдық жобаларымыз біздің елдеріміздің қазіргі мүмкіндіктері мен жалпы каспийлік аймақтың дамуына жағдай жасайды», - деп Қазақстанның сыртқы саяси ведомство басшысы атап өтті.
Шара аясында алдағы уақытта өтетін жоғары деңгейдегі кездесуде қарастырылатын саяси құжаттардың жобалары қарастырылды, сонымен қатар Каспий теңізіндегі биоресурстарды сақтау мен төтенше жағдайлардың алдын алу салаларындағы салалық келісімдер жобасы бойынша жұмыстардың нәтижелері талқыға салынды.
Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан сыртқы саяси ведомство басшылары Астрахань саммитінің күн тәртібіне өз ұсыныстарын енгізді және жалпы Каспий теңізі мемлекеттерінің президенттерінің қарастыруына ұсынылатын мәселелер тізімі келісілді. Тараптардың ортақ пікірлеріне сәйкес, саммиттің күн тәртібіне енгізілетін мәселелер принципиалды сипатқа ие және келіссөздер үдерісіне қатысушы барлық тараптардың мүдделеріне сай келетін, салмақтанған саяси шешімдерді талап етеді.
Конференция конструктивті диалог, өзара түсіністік пен компромисс рухында өтіп, тараптардың бірқатар аспектілер бойынша ұстанымдарының жақындасуына ықпал жасады.
Тараптар кездесудің нәтижелерін оң бағалап, Каспий теңізі жағалауы елдерінің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі Каспий теңізінің құқықтық статусы жөніндегі Конвенцияны әзірлеу бойынша Арнайы жұмыс тобының келіссөздер механизмі шеңберінде аталған саммитке дайындық бойынша жұмыстарды жалғастыруға келісті.
«Конференция алаңында ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов пен Иран Сыртқы істер министрі Мухаммад Джавад Зарифтың екіжақты келіссөздері өтті. Тараптар екіжақты күнтәртібінің өзекті мәселелерін, соның ішінде сауда-экономикалық және көліктік-логистикалық ынтымақтастық мәселелерін талқыға салды. Атап айтқанда, алдағы уақытта күзде Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолының түркмендік-ирандық торабы іске қосылуының маңыздылығы аталып өтілді. Сонымен қатар, Иран ядролық бағдарламасы жөнінде «алты плюс бір» форматындағы халықаралық келіссөздер барысы талқыға салынуына орай, қазақстандық сыртқы саяси ведомство басшысы осы үдеріске деген қолдауын жеткізіп, әрі қарай да барынша ықпал жасай беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, Е.Ыдырысовтың Түркіменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары - Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесуі орын алды. Сұхбаттасушылар тараптар көліктік-логистикалық ынтымақтастықты дамытуға назар салып, ағымдағы жылы екі елдің басшылары деңгейінде байланыстар орнатуға келісті. Сонымен қатар, Түрікменстанның Ақтаудағы консулдығының жұмысы мен Түркіменбашида ашылғалы жатқан Қазақстан консулдығының ашылуы екіжақты қатынастар үшін ерекше маңызға ие екендегі аталып өтілді. Қазақ және түркімен халықтарының тарихи тығыз байланыстары мен біркелкілігі қазіргі деңгейдегі өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға елеулі негіз болатыны аталып өтілді», - деп жазылған хабарламада.