Каспий жағалауындағы итбалықтардың өлу себебін мамандар анықтай алмады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында өлген итбалықтардың қырылу себебін анықтау мүмкін болмады. Себебі, олардың өлекселері шіріп кеткендіктен сынама алып, зерттеуге жіберуге жарамады, дейді Маңғыстау облысының экологиялық инспекторы.

Каспий жағалауындағы итбалықтардың өлу себебін мамандар анықтай алмады

«Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы мамандары жағадан төрт итбалық тапты. Паталогиялық анализ жасауға итбалықтардың өлекселері шіріп кеткендіктен жарамады. Соның себебінен ешқандай анализ жасалынбайды деген акт толтырылды. Біз өз тарапымыздан ауа мен судың сынамаларын  зерттедік.Ол экологиялық нормадан аспағанын көрсетті. Құзырлы органдарға мұның нәтижесін акт пен хаттамалар арқылы бердік. Итбалықтардың өліміне қатысты болжамдар бар. Біріншіден, олар қартайған, өз ажалынан өлген болуы мүмкін. Екіншіден, ауға түсіп қалып, браконьерлер теңіз ортасына лақтырып кеткен болуы ықтимал. Сосын жел толқығанда жағаға шығып қалған. Бірақ, мұндай қорытындыға нақты тоқталу үшін олардың өлекселерін зертханаға жіберу керек болды. Ол мүмкін болмағандықтан біз тек болжам айтып отырмыз. Жыл сайын итбалықтардың өлу нормасы бар. Бұл жерде жаппай қырылу байқалмағандықтан сол нормадан асқан жоқ», - дейді Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор Бекнар Бекентаев.  

Еске сала кетейік бұған дейін Маңғыстау облысы бойынша бас мемлекеттік инспектор Бауыржан Әмірбеков «ҚазАқпарат» тілшісіне Форт-Шевченко қаласы маңындағы Каспий теңізі жағалауында табылған өлі итбалықтарды анықтау үшін арнайы мамандар жіберілгенін айтқан болатын. 

«Казгидромет» РКМ Маңғыстау облысындағы филиалынан ауа райы туралы сұратып жатырмыз. Балық инспекциясы оқиға орнына шықты, Ауыл шаруашылығы басқармасындағы мал дәрігерлері бірлесіп, сараптама жасайды. Барлығы өз мамандарын жіберді. Біз Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдерімен бірге өз мамандарымызды да жібердік. Онда барып келгеннен кейін шұғыл түрде талдау жасалады. Әзірге жұмыс тобы құрылған жоқ. Бізден шыққан зертхана судың сынамасын алады. Балық инспекциясы итбалықты тексереді. Нақты қорытындыны бүгін шығарып, жариялаймыз»,  - деген болатын Маңғыстау облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары, Маңғыстау облысы бойынша бас мемлекеттік инспектор Бауыржан Әмірбеков.

Айта кетейік, 18 қыркүйек күні жергілікті БАҚ-та Интернет қолданушылар Форт-Шевченко қаласы маңындағы Каспий теңізі жағалауынан 4 итбалықтың өліп жатқанын хабарлаған.