Каспий жағалауындағы қамыс өрті әлі толық сөнген жоқ

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті әлі толық сөнген жоқ. Бүгін өртті сөндіруге тікұшақ тағы да ұшып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына қарағанда, бүгін, 22 қыркүйекте теңіз жағалауында қамыс өртінің бықсып жатқаны анықталған.

«Бүгін жергілікті уақытпен сағат 08:10-да Атырау қаласындағы әуежайдан Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртін сөндіру мақсатында «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның МИ-8 ВСУ-5 тікұшағы ұшып шықты. Әуеден су шашатын құрылғысымен жабдықталған тікұшақ экипажының құрамында 5 адам бар. Тікұшақ бортындағы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 2 қызметкері қамыс өртінің аумағына әуеден бақылау жүргізеді. Тікұшаққа қажетті су өрт шарпыған аумаққа жақын маңдағы көлден алынады», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Бұған қоса өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 25 қызметкері 7 техникамен, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 20 қызметкер, 5 техника жіберілді.

Қазір теңіз жағалауындағы метеорологиялық жағдай алаңдатарлықтай емес. Өйткені, оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні – 6-7 метр/секунд, ауа температурасы +20 0 С шамасын көрсетіп тұр.

«Қамыс өртіне кеше, 21 қыркүйекте күндіз тікұшақтың су шашу құрылғысымен әуеден 33 мәрте су төгілді. Соның нәтижесінде қамыс өртінің бір ошағы, шамамен 400 шаршы метр аумақтағы жалын сөндірілді. Ал, кешке дейін әуеден 66 рет су шашылып, 3 гектардағы өрт жойылды», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий жағалауындағы 7 гектар жерде қамыс өрті әлі сөнбегенін жазған едік.



Соңғы жаңалықтар