Каспий жағалауындағы қамыс өрті әлі толық сөнген жоқ

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Каспий жағалауындағы қамыс өрті әлі толық сөнген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерват аумағындағы қамыс өрті кеше, 2 сәуірде сағат 9:12 шамасында анықталған.

«Бүгін, 3 сәуірде төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері сағат 8:30-да қамыс өртенген аумаққа жетті. Жалынды сөндіруге департаменттің 38 қызметкері, 4 техникасы, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 30 адам, 9 техника, 2 қайық, 4 мотопомпа жұмылдырылды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий жағалауында жанған қамыс түтіні Атырауды басып қалғанын хабарлаған едік.

«Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс жанып жатыр. Бұл – Атырау қаласының маңындағы Дамбы ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы аумақ. Бүгін, 2 сәуірде жергілікті уақытпен сағат 19:00 шамасында қамыс өрті шамамен 85 гектар аумақты шарпыды. Төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері 80 гектар аумақтағы өртті сөндірді. Жел екпіні өртті сөндіруге қиындық келтіріп тұр. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ», -деп мәлім еткен еді департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Сондай-ақ, Атырау облысының Ресеймен шекарасындағы Қиғаш өзенінің жағалауында қамыс өртенгенін жазған болатынбыз.

Атырау тұрғындары ауадағы сасық иіске шағымданған еді.

Кейін экологтар Атырау ауасында күкіртті сутек шекті нормадан асып кеткенін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар