Каспий жағасында 500 орындық балалар ойын-сауықтыру лагері салынады - Атырау

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Исатай ауданына жұмыс сапарымен барған кезінде бірнеше әлеуметтік, өндірістік нысандардың құрылыстарымен және жұмыстарымен танысты. 

Каспий жағасында 500 орындық балалар ойын-сауықтыру лагері салынады - Атырау

Бұл туралы өңір басшысының ресми сайты хабарлайды.

Таяу болашақта Каспий теңізінің жағасында 500 орындық балалар ойын-сауықтыру лагері салынады. Қазір жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Исатай ауданы теңіз жағасында орналасқандықтан, толыққанды демалыс орны салынып, аймақтың туристік тартымдылығын көтеруге мүмкіндік береді.

Ауыз сумен қамту мәселесі де шешіліп жатыр. Нұрлан Ноғаев Жасқайрат, Қызыл үй елдімекендеріндегі су құбыры құрылысын тексерді. Жасқайратқа су биыл наурыз айында, екіншісіне қарашада беріледі.

Жанбай ауылында аймақ басшысы полиция бөлімшесінің, мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Балық өнімдерін шығаратын цехқа барды. Мұнда балық аулаудан бастап дайын өнім шығаруға дейін өндірістің толық кезеңін іске қосу жоспарлануда. Қазір жабдықтар орнатылып жатыр, өндіріс алдағы сәуір айында жұмысын бастайды.

-Біз балықтың барлық түрінің етін, тартылған етті, кептірілген, қақталған балықты шығаруды жоспарлап отырмыз, -дейді цех директоры Абдолхасан Ұғыбай. - Мұнда жергілікті тұрғындардан 80 адам жұмысқа тартылады. Алға қарай өнімдерімізді Еуропаға экспортқа шығару жоспарда бар.

Облыс әкімі осындай өндірістерді ашу аймақ экономикасының өсуіне оң ықпал ететінін айтып, кәсіпкерлерге жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетініне тоқталды.

Аққыстау селосында облыс әкімі дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының барысымен танысты. Құрылыс биыл сәуір айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Осындай спорт кешендері төрт ауылда салынады, ЖСҚ дайындалып жатыр.

Нұрлан Ноғаев ауысымына 400 кг макарон өнімдерін шығаратын цехта да болды. Жақында ашылған цех директоры Зайыпхан Наурызбаева: -Бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша осы істі қолға алдық,-дейді. -Алғашында екі түрлі макарон өнімін шығардық, қазір жетіге жетті. Аудан тұрғындары өнімдерімізді ұнатты, сұраныс бар. Бағасы да қолжетімді».

Нұрлан Ноғаев ақпан айында пайдалануға берілетін, ауыл тұрғындары үшін мемлекеттік қызмет көрсетулерді қолжетімді ететін халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысына да барды.