18:44, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Каспий және Азов-Қара теңіз бассейні арасында салынатын су арнасы жобасының кеңесшісі анықталды
АЛМАТЫ. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Каспий теңізі мен Азов-Қара теңіз бассейні аралығында салынатын жаңа кеме қатынасы арнасы жобасының техникалық-экономикалық сипаттамаларына салыстырмалы бағалауды жүргізетін кеңесші анықталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Институт Гидропроект» ААҚ (Ресей) Каспий теңізі мен Азов-Қара теңіз бассейні аралығында салынатын жаңа кеме қатынас арнасы жобасының техникалық-экономикалық сипаттамаларына салыстырмалы бағалауды жүргізу кеңесшісін іріктеу бойынша Еуразия даму банкінің ашық конкурсында жеңіске жетті.
13 ақпан күні Еуразия даму банкі конкурстық комиссиясының қорытынды отырысы өтті, онда техникалық және қаржылық ұсыныстардың жинақтық сараптамасына сәйкес байқаудың жеңімпазы анықталды.Конкурсқа «Институт Гидропроект» ААҚ (Ресей), «Жер, металлургия және байыту туралы ғылымдар орталығы» АҚ (Қазақстан), SNC-Lavalin (Канада), «Инженерный центр энергетики Поволжья» энергетика инженерлік орталығы (Ресей) секілді орталықтар қатысқан болатын.Еуразиялық даму банкінің басқармасы конкурстық комиссияның шешімін мақұлдады, қазіргі уақытта Банк келісімшартқа қол қою мақсатымен «Институт Гидропроект» ААҚ-мен келіссіздер жүргізуге кірісті.