Каспийде браконьерлік ауға түскен итбалықтар мен бекіре тұқымдас балықтар табылды
АҚТАУ. KAZINFORM — Өлген су жануарларын Гидробиология және экология институтының қызметкерлері анықтаған. Себебі, мамандар аралдарда итбалықтарды зерттеу үшін ғылыми экспедиция жүргізіп жатқан болатын.

Олар браконьерлік ауды өткен демалыс күні итбалық аралдарынан Форт-Шевченко қаласына қайтып келе жатып, Құлалы аралының аумағынан тапқан. Артынша Маңғыстау облыстық балық инспекциясына хабарлаған.

Түпқараған аудандық балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Андрей Руцкийдің айтуынша, оқиға орнына жергілікті инспекторлар, шекарашылар және Атырау өңірінен келген жедел топ өкілдері «Бекіре-2025» ауқымды рейдтік шарасы аясында бірге барған.

— Мәлімет расталды. Оқиға орнынан бекіре тұқымдас балықтарды аулауға салынған заңсыз ау шығарылды. Оған екі итбалық пен 5 бекіре тұқымдас түсіп, өлген. Жартылай бұзылған. Біз оларды жағаға шығарып, қылмыстық іс қозғау үшін Түпқараған аудандық полиция бөліміне тапсырдық, — дейді Андрей Руцкий.
Бұған дейін, Маңғыстауда браконьерлердің ауына түскен өлі итбалықтар табылған еді.