Каспийде итбалық тұқымы құрып барады - вице-министр
«Каспий итбалығын қорғау бойынша шаралар қажет деп санаймын. Қазіргі уақытта түрлі дерек мәліметтеріне сәйкес, оның тұқымы 100 мың бастан аспайды және жылдан-жылға төмендеу тенденциясы байқалады. Бұл қатты алаңдаушылық тудырады», - деді Ерлан Нысанбаев.
Сонымен қатар ол еліміздің биологиялық алуантүрлілігін сақтаудың ілкімді тетіктерінің бірі айрықша қорғалатын табиғи аумақтарды құру болып саналатындығын баса айтты.
«Тәуелсіздік алған жылдан бері Қазақстанда айрықша қорғалатын табиғи аумақтардың көлемі айтарлықтай өсті және бүгінгі күні 26,2 млн гектарды немесе ел аумағының 9,6 пайызын құрайды. Өткен жылды қорғалатын табиғи аумақтар желісін дамыту аясында екі айрықша қорғалатын аумақ құрылды. Олар - ШҚО-дағы Тарбағатай ұлттық паркі мен Алматы облысындағы Іле-Балқаш табиғи резерваты. Биыл Барсекелмес қорығының аумағын 2,3 мың гектарға және Бурабай ұлттық паркін 3,2 мың гектарға кеңейту жұмыстары басталды», - деді ол.