Каспийде қырылған итбалық саны мыңға жуықтады
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстаудағы Каспий теңізінің жағалауында өлген итбалықтар саны артуда.
Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Андрей Руцкийдің айтуынша, кешеден бері Ақтаудағы демалыс базаларынан бастап Құрық портына дейінгі аралықтан тағы 115 итбалықтың өлексесі жиналған. Сонымен қырылған итбалықтардың саны - 850-ге жетті.
-Біздің инспекторлар, экологтар, әкімдік қызметкерлері мен қоғамдық бірлестік өкілдерінен құрылған жұмыс тобы жағалауды тексеруде. Енді тау-тасты жағажайлар қалды. Оларға көлікпен бару мүмкін емес, жаяу аралайды, - дейді инспекция басшысы.
Андрей Руцкийдің майтуынша, соңғы табылған теңіз сүтқоректілерінен сынама алу мүмкін емес. Мамандар итбалықтардың үшінші, төртінші сатыда бұзылып кеткенін айтқан. Ал өткен айдың соңында алынған сынамалардың қорытындысы әлі шықпаған.
Бұған дейін Каспий жағалауынан табылған итбалық өлекселерінің саны 533-ке жеткені туралы хабарладық. Сонымен қатар ихтиолог Әсел Баймұқанова итбалықтардың теңіздің солтүстік аумағына миграциясы кезінде қырылғанын айтқан болатын.