Каспийде Ресей, Әзірбайжан, Иран және Түркіменстанның аумақтық суларында корабльдер жорыққа шығады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы маусымның 25-і мен шілденің 2-сі аралығында ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің «Қазақстан», «Орал» және «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық корабльдерінің теңізге шығуы жоспарланған.

Каспийде Ресей, Әзірбайжан, Иран және Түркіменстанның аумақтық суларында корабльдер жорыққа шығады (ФОТО)

Жүзу үрдісін зерделеу үшін корабльдер тобы Каспий теңізі бойынша жорыққа шығады, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. Одан басқа, экипаждар жүзбелі нысана арқылы корабль бортынан атыс қаруынан оқ атуларды жүргізеді. Қазақстандық әскери корабльдер Ресей Федерациясы, Әзербайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы және Түркіменстан Республикасының аумақтық суларын бойлай Каспий теңізінің су айдыны арқылы өтеді. Оқу атыстары Қазақстан Республикасының аумақтық суларында №217 және 244 аудандарда өткізілетін болады.

Өткелдегі жетекші 29011 әскери бөлімінің командирі 2-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков екенін атап өткен жөн.

Каспий өңірі Қазақстан мен әлем мемлекеттерінің экономикасы үшін мәні зор. Каспий теңізінің қазақстандық секторында мемлекеттік шекараға қол сұғылмау, аумақтық тұтастықты, егемендікті, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің басты міндеті. Әскери-теңіз күштері жоспарлы дамып келе жатқанын, корабльдерді құрастыру және сатып алу жөніндегі қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын айта кету қажет. Соңғы үш жылда «Зенит» Орал зауыты» АҚ отандық кәсіпорнында құрылған 3 зымыран-артиллериялық корабль іске қосылды.