Каспийде жігіт пен бойжеткен суға кетті - ҚР ТЖМ
АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Каспийде бір жігіт пен бойжеткен суға батып кетті, деп хабарлайды ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен.
Жұма, 10 тамыз күні Шығыс Қазақстан облысындағы «Керуен» демалыс базасындағы Алакөл көлінде шомылу кезінде 33 жастағы ер адам суға батып кетті. Оның денесін жағаға сағат 12:40-та ҚР ТЖМ Шығыс Қазақстан облыстық ТЖД-нің су-құтқару қызметіндегі 3 адам мен 1 техникасының күшімен шығарылды.
Қызылорда облысындағы Жаңадария арнасында жұма күні 6 жасар бала суға батып кетті. Оның мүрдесі ҚР ТЖМ Қызылорда облыстық ТЖД-нің су-құтқару қызметіндегі 3 адам мен 1 техникасының көмегімен іздестірілуде.
Ақтау қаласындағы Каспий теңізінде 19 жасар жігіт батып кетті. Оның денесі судан ҚР ТЖМ Маңғыстау облыстық ТЖД-гі су-құтқару қызметінің 3 адамы мен 1 техникасының көмегімен шығарылды.
Сондай-ақ 10 тамызда Маңғыстау облысына қарасты Құрық кентінің маңында Каспий теңізіне шомылу кезінде 1995 жылғы бозбала мен 1996 жылғы бойжеткен батып кетті. Олардың мүрделері жағаға ҚР ТЖМ Маңғыстау облыстық ТЖД-нің су-құтқару қызметінің 4 адамы мен 1 техникасының көмегімен шығарылды.