Каспийдің даулы мәселелері келіссөздер арқылы шешілуі керек - сарапшылар

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Қазақстан, Ресей мен Әзербайжан сарапшылары Астраханда өткен халықаралық жиында Каспий маңы елдерінің өзара ынтымақтастығы, қазіргі жағдайы мен болашағы тақырыбын талқылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Мәскеудегі меншікті тілшісі.

Каспийдің даулы мәселелері келіссөздер арқылы шешілуі керек - сарапшылар

Іс-шараның модераторы болған «Каспий-Еуразия» орталығының басшысы Андрей Сызранов атап өткендей, Каспий өңірі көмірсутек қорына бай және геосаяси және геостратегиялық қырынан ерекше болғандықтан, бірқатар өңірден тыс ойыншылардың назарын өзіне аударуда.

Сондай-ақ Сызранов «әрбір тараптың өз қызығушылығы бар, Каспийдің біздің ортақ үйіміз екендігін ұмытпауымыз керек және көршілердің мүддесі - өңірден тыс державалардың сойылын соқпауы маңызды» екендігін атап өтті.

 «Дөңгелек үстел аясында талқыланып жатқан тақырыптар Каспий маңы елдері үшін өзекті болып табылады. Мұндай алаңдар өзара қарым-қатынасты нығайтуға негіз болады, сондай-ақ барлық тарапқа тиімді шешім қабылдауға әсер етеді», - деп өз ойымен бөлісті ресейлік сарапшы Ренат Қалиев.

Қазақстандық сарапшы, «Альтернатива» өзекті зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботарев Каспий маңы елдерінің ынтымақтастығын нығайту керектігін атап өтті.

«Каспийді айнала қоныстанған 5 елдің ынтымақтастығы әлсіз. Каспий мәселесі бойынша түрлі сұрақтар жан-жақты талқылауды қажет етеді. Сириядағы шиеленіс, Таяу Шығыста терроризм мен экстремизмнің өршу мүмкіндігі аталған аумақтағы елдердің ынтымақтастығын нығайту мәселесін өзектендіре түсті», - деді сарапшы.

Жиында сарапшылар Каспий өңіріндегі саясат, экономика және қауіпсіздік мәселелері бойынша келісілген әрекеттер мен шараларды әзірлеу қажет деген байламға келді.