Каспийдің таяздануы мәселесі қалай шешіледі – Нұрлан Ноғаев

Маңғыстау облысы әкімдігі
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев елордада есептік брифингте Каспий теңізінің тартылуының себептері мен шешу жолдарын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Су қорларының тартылуын әлемдік үрдіс деп есептейміз. Байқап қарасаңыздар, басқа елдерде де сарқырап жатқан өзен-көлдер тартылып, кеуіп жатыр. Соның әсері бізге де тиіп отыр. Каспий теңізі де қазір таяздап барады. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы Каспий теңізінің проблемаларымен айналысатын ғылыми-зерттеу институын құру жөнінде тапсырма берді. Бұл институт Су ресурстары министрлігі жанынан құрылды. Каспийдің таяздануы теңіз жағасында тұратын маңғыстаулықтарды ғана емес, бүкіл Қазақстанды толғандырады», - деді Н.Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Облыс әкімі бұл мәселенің ғылыми негізбен шешілуін қамтамасыз ететінін және онымен арнайы институт айналысатынын жеткізді.

«Халықаралық деңгейде атқарылып жатқан істер мен қабылданған шаралар, құқықтық-нормативтік актілер қабылдау жөніндегі мәселелер және Каспий теңізіндегі жануарларды, балықтарды және басқа да флора мен фаунаны сақтау мәселелерімен тыңғылықты осы институт айналысады. Бұл уақыттың еншісіндегі мәселе», - дейді өңір басшысы.

Бұған дейін Нұрлан Ноғаев «Қошқар ата» қалдық қоймасының қазіргі жай-күйі туралы, оның жобалық-сметалық құжаттамасының қайта қаралып жатқаны туралы баяндаған еді.

Соңғы жаңалықтар
telegram