Каспийдің таяздануын тежеу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Каспий теңізіндегі су деңгейінің ауытқуын зерттейтін сарапшылардың жұмыс тобына Қазақстан тарапынан қатысатын құрам жасақталып жатыр.

Каспий теңізін тереңдету
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Бұл туралы Kazinform сауалына ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми жауабында айтылды.

Ведомство мәліметінше, Каспийдегі ахуалды жағасындағы мемлекеттер жіті қадағалап отыр. 

— Каспий теңізіндегі су көлемі мен қалыпты жағдайы Каспий маңы мемлекеттерінің бақылауында. Жағдай Каспий теңізін қорғау жөніндегі негіздемелік конвенция (Тегеран конвенциясы) шеңберіндегі саммиттер мен отырыстарда қаралады. Тегеран конвенциясының тараптары — Қазақстан Республикасы, Әзербайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы және Түрікменстан. 2024 жылғы 18 қарашада Баку қаласында СОР29 саммиті аясында Әзербайжан тарапының төрағалығымен «Климаттың өзгеруі жағдайында Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі» тақырыбында іс-шара өтті. Талқылау барысында Каспий теңізі деңгейінің төмендеу мәселесін шұғыл шешу, экологиялық дағдарыстың салдарын жеңілдетуге арналған тиімді жол картасын әзірлеу және іске асыру үшін БҰҰ жүйесі аясында өңірлік ынтымақтастықты кеңейтіп, серіктестік қатынастарды нығайту сияқты тұжырымдар жасалды, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ Әзербайжан тарапының бастамасымен Каспий теңізінің таяздануы мәселесін кәсіби мамандармен бірге талқылау мәселесі көтерілген. 

— Каспий теңізінің таяздануы бойынша бесжақты форматта талқылауды Каспий теңізі су деңгейінің ауытқуын зерттеу бойынша сарапшылар жұмыс тобының алаңында жүргізу ұсынылды. Қазіргі уақытта Қазақстан тарапынан осы жұмыс тобына қатысатын құрам қалыптастырылуда. Сондай-ақ, бұл мәселелер ұлттық деңгейде «Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты» арқылы қажетті мамандар мен сарапшыларды тарта отырып, қарастырылатын болады, — делінген жауапта.

Мамандар Каспий суы 2006 жылдан бері 2 метрдей төмендегенін айтады. Оған Еділ және Жайық өзендерінің жоғарғы ағыстарында салынған су қоймаларының әсері бары айтылып жүр. Сондықтан да бұл 5 мемлекет бірлесе отырып талқылайтын, шешетін мәселе.

Еске сала кетейік, бұған дейін Каспий теңізі жағалаудан алыстап бара жатқаны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар