Кәсіпкер әйелдерге бизнесті дамыту жолдары үйретілді

кәсіпкер әйелдер
Фото: Алма Мұқанова

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстан Үкіметінің қолдауымен «Әйелдер микробизнесте» оқыту бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдауды бастады. Бұл жоба бизнесін дамытуға ұмтылатын және әртүрлі әлеуметтік немесе экономикалық кедергілерге тап болатын кәсіпкерлер үшін арнайы жасалған. 

Қазақстандағы ЕҚДБ шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасының басшысы Алма Қасымованың айтуынша, Қазақстандағы шағын және орта бизнес секторындағы кәсіпорындардың 49%-ын әйелдер басқарады. Алайда, орта және ірі бизнесте олардың үлесі айтарлықтай төмен – сәйкесінше 36% және 19%. 

«Біздің басты мақсатымыз, миссиямыз – қолжетімді және сапалы оқыту арқылы әйелдер басқаратын шағын кәсіпорындарға өсу мүмкіндігін беру», - деп атап өтті Алма Қасымова.

Оқыту қазақ және орыс тілдерінде онлайн-форматта 5 ай бойы өтеді. Қатысушылар оқуды кез келген уақытта бағдарлама аясында бастай алады. Курс бизнестің негізгі аспектілерін қамтитын 6 модульден тұрады: маркетинг, сату, қаржы, жеке басқару, операциялық басқару, стратегия, автоматтандыру және жасанды интеллект. 

Аталмыш бағдарлама Қазақстанда үшінші рет өткізіліп жатыр. Алдыңғы жобалар 1 500-ге жуық кәсіпкер әйелге өз дағдыларын нығайтуға және бизнестерін жақсартуға мүмкіндік берді. 

Жобаны «Диалог» тренинг және консалтинг компаниясы жүзеге асырады.

«Бағдарламаға өтінімдерді қабылдау қазіргі уақытта ашық және біз өз кәсіпорындарын дамытқысы келетін әйелдерді бастамаға қосылуға және жаңа білім мен дағдыларды игеру мүмкіндігін пайдалануға шақырамыз. Тіркелу және толық ақпарат платформа сайтында, - деді спикер. 

Соңғы жаңалықтар